Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ішкі істер министрлігімен бірге автокөлік иелеріне жаңа мүмкіндік ұсына бастады. Енді көлікке әдемі нөмір алғанда, сандарды ғана емес әріптерді де таңдауға болады.

15 қаңтардан бастап іске қосылған қызметке сәйкес қазақстандық автожүргізушілер мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы симметриялық нөмір белгілерін таңдай алады. Бұл үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) өтінімдерін рәсімдеп, мемлекеттік алымды төлеулері тиіс.

2014 жылдан бастап автокөлік иелері ел арасында «айна нөмір» деп аталатын симметриялық нөмірлерді сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Енді азаматтар ақылы түрде сандар мен әріптерді өз қалауынша қиыстырып ала алады. Мысалы, тілек білдірушілер 010, 020, 030, 077, 707 сияқты жоғары сұранысқа ие нөмірлерге 5 700% АЕК көлемінде төлейді, ал осындай таңдаулы сандарға қоса әріптердің де симметриялы болғанын қаласаңыз, оның құны - 11 400% АЕК. 2017 жылы жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 4500-ден астам таңдаулы нөмір сатылған.

Сондай-ақ, егер азаматтың қалаған нөмірлік белгісі базада болмаса, онда қажетті мемлекеттік алымды төлеп, мамандандырылған ХҚО арқылы тапсырыс беруге болады.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы»

коммерциялық емес акционерлік

қоғамының баспасөз қызметі

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және миграциялық қызмет комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, Астана қаласы ІІД басшысы Марат Қожаевтың қатысуымен миграциялық және цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының ресми ашылу салтанаты өтті.

Көші-қон қызметтерін көрсету орталығында шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап пилоттық тәртіпте іске қосылған миграциялық ХҚКО-да құжаттарды қабылдау және тіркеу қызметтерін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылатын болады.

Иманов көшесінде, 31 орналасқан Миграциялық ХҚКО сағат таңғы 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Бұл жерде медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру полисін рәсімдеуге және жеке сәйкестендіру нөмірін алуға болады. Бұған дейін шетелдіктер Астанада жұмыс істеуге рұқсат алу үшін бес күн жүрсе, енді рұқсатты бір сағаттың ішінде рәсімдей алады.

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірге бала туған ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Енді ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында жаңа туған азаматты тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті алу ұсынысы жасалады.

Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.

«Қазіргі таңда бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс. Бүгіннен бастап проактивті қағидаттың іске қосылуына байланысты енді фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ. Барлық қажетті қызметтерді ол SMS-хабарлама арқылы ала алады. Бірақ SMS-хабарлама алу үшін азаматтар кез-келген ХҚКО-ға барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс»,- деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұрат Жұманбай.

Баланы тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және балабақшаға кезекке қою қызметтерін ХҚКО-дан да алуға болады. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа ызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Еске сала кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызмет көретуді проактивті тәсілге көшіру үрдісін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырумен қолға алған болатын.

Анықтама ретінде: осы уақытқа Қазақстан бойынша бала туған 192 анаға мемлекеттік қызметті алу ұсынысымен смс хабарламасы жіберілді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз қызметі

Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын басты назарда ұстап келеді. Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың мүдделері де ескерусіз қалмауда. Атап айтқанда, облыс бойынша барлық халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараттарында тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру, есту, сөйлеу қабілеттері нашар азаматтардың еш кедергісіз қызмет алулары үшін мейлінше жағдай жасалған. Арнайы электрондық кезексіз қабылдайтын терезе, тактильді жолдар, «Брайль тақтасы», кіреберістегі пандустар мен арнайы қоңырау, автотұрақ - барлығы да нормативтік стандарттарға сай орнатылған.

Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында сөйлеу және есту қабілеті бұзылған азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетуде жаңа сервис іске қосылды. «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Марат Бассаровтың айтуынша, бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында сурдоаударма тілін меңгерген мамандар жұмыс істеуде. Енді ХҚКО-ның жеңілдік терезесіне жүгінген сөйлеу және есту қабілеттері бұзылған тұлғалар ым-ишарат тілінде қажетті құжатты қалай алу керектігін шынайы уақыт режимінде айтып беретін, онлайн сурдоаударма арқылы қызмет ала алады.

Сондай-ақ, «2013 жылдан бері 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар тұлғалар 1414 нөміріне тегін қоңырау шалу арқылы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерін үйлеріне шақырып, қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін ала алатын. Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап бұл сервис Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, барлық санаттағы мүгедектігі бар тұлғаларға, оған қоса мүгедектігі бар балаларға да қолжетімді», - деп қосы Бассаров.

Үстіміздегі жылдың өткен 11 айының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында ХҚКО департаменті жұмыскерлері 1399 рет өтініш берушілердің үйлеріне шығып, 2500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті әр балаға тоқсан сайын төленетін жәрдемақы туралы мессенджерлер арқылы таратылған мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.

2017 жылға мынадай жәрдемақылар тағайындалған:

  1. Бірінші, екінші және үшінші баланың тууына байланысты біржолғы төлем – 86 222 тг.
  2. Төртінші және одан кейінгі балаға біржолғы төлем – 142 947 тг.
  3. Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем: бірінші балаға – 13 070 тг., екінші балаға – 15 452 тг., үшінші балаға – 17 812 тг., төртінші және одан кейінгі балаларға – 20 195 тг.

Оған қоса, 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға жәрдемақы отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы азық-түлiк себетi көлемінен төмен болған жағдайда тағайындалады.  

1411 байланыс орталығына жүгіну ұсынысымен хабарламалардың жаппай таратылуына байланысты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Марат Бассаров,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

коммерциялық емес акционерлік қоғамының

Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы –

«Халыққа қызмет көрсету орталығы»

департаментінің директоры

 

Алғашқы Мобильдік халыққа қызмет көрсету орталықтары 2011 жылы құрылған болатын. Мобильдік топтарды құрудың мақсаты мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыру болатын. Оған дейін шалғай елді мекендердің тұрғындары құжаттарын тапсырып, қажетті қызмет түрін алу үшін жүз шақты шақырым жердегі аудан орталықтарына жүгінуге мәжбүр болатын. Мобильдік ХҚКО бұл мәселенің шешілуіне оң ықпал етті.

«Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Марат Бассаровтың айтуынша, мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне үлкен мән берілуде. Әрбір аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында жауапты тұлғалар тағайындалып, айына екі рет ауылдарға қатынауы жолға қойылған, ал автокөліктер қажетті ұйымдық техникасымен және мобильдік топтың жүру жолын бақылауға мүмкіндік беретін jps-құралдарымен жабдықталған.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық аудандарды қамтитын 5 мобильдік ХҚКО жұмыс жасайды. Мемлекеттік қызметтер сұранысқа ие ауылдардың тізімін жергілікті әкімдіктер ұсынады. Оған қоса, ауылдық округтің аудан орталығынан қашықтығы және халық саны ескеріледі. Ағымдағы жылдың басынан бері 63 ауылдық елді-мекен қамтылып, 799 іссапар жасалған және 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазіргі уақытта электрондық анықтамалар мен әлеуметтік қызмет түрлері үлкен сұранысқа ие, атап айтқанда: мекенжай анықтамасын беру, тұрғын үй көмегін тағайындау, он сегіз жасқа толмаған балаларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және т.с.с.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, пилоттық жобаны іске қосты. Соның арқасында ХҚКО жоқ шалғай елді мекендердің тұрғындары мемлекеттік корпорацияның қызметтерін «Қазпочта» АҚ ауылдық бөлімшелерінде ала алады.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді почта арқылы алу үшін, ауыл тұрғындары құжаттар пакетін ұсынулары, қызмет көрсетуге жазбаша түрде өтініш берулері және қажет болған жағдайда, мемлекеттік баж салығын төлеулері тиіс. Қазпочта операторы өтініштерді қабылдап, құжаттар пакетін қалыптастырады және оны жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталығына жөнелтеді. Онда ХҚКО маманы қызметті ресімдеп, курьер арқылы дайын құжаттарды жібереді», – деп қосты Бассаров.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы –

«Халыққа қызмет көрсету орталығы»

департаменті