Қылмыстық істер бойынша сотқа шағымданудың тиімділігі

Азаматтар құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.

Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруге тиіс.

Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.

Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.

Жоғарыдағылардың негізінде, қылмыстық істер бойынша сотқа шағымданудың тиімділігі шағымды қысқа мерзім, яғни 3 тәулік ішінде және толық, жан-жақты тергеу судьясымен қарау болып табылады.

Осыған байланысты прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімімен келіспеген жағдайда сотқа шағымданған жөн.

 

Зеленов ауданының прокуратурасы