Барды бағалағанның берекесі артады Зеленов ауданының əкімі Асхат Шахаровтың халықпен есептік кездесуі бүгін Краснов, Махамбет, Макаров, Достық ауылдарында жалғасты. Есептік жиындарға Дарияндағы аудандық екінші соттың судиясы Ербол Нұрсұлтанов қатысып, сот саласына енгізілген өзгерістер туралы түсінік берді. Самара-Шымкент күре жолын бойлай орналасқан Краснов, Махамбет ауылдарының əлеуеті өте жоғары. Облыс орталығын іргелей отырған Макаров пен Достықтың да экономикалық даму қарқыны осал емес. Аталмыш ауыл тұрғындары алдында ауданның экономикалық-əлеуметтік дамуы туралы есеп берген аудан басшысы Асхат Берлешұлы əр салаға тоқталып, ағымдағы жыл жоспарымен бөлісті. Ауданның 82 пайызы газбен қамтылса, 42 елді мекенге əлі орталықтандырылған ауызсу жеткен жоқ.

Сондықтан биыл газ, су тарту жұмыстары ауданда қарқын алмақ. Ауылдарға барар жолдардың жауын-шашын кездері қиыншылық келтіретін тұстарын жөндеуге 500 млн. қаражат қажеттігі анықталып, құжаттама жұмыстары басталған. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасымен ауданға бөлінетін 51 млн. қаражат жабдықталған спорт алаңдарын салуға бағытталмақ. Жергілікті іскер азаматтардың қолдауымен "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 35 жоба іске асыру жоспарланса, Жамбыл ауылында мектеп, Достық ауылында 100 орындық балабақша, Янайкин ауылында мектепке қосымша ғимарат құрылысы басталмақ. Сондай-ақ аудан орталығында 11 шақырым жол салынып, бірқатар ауыларалық жол жөнделеді. Шағын кəсіпкерлікті дамыту мақсатында тың жобалар іске аспақ. Жиын барысында Краснов тұрғындары ауылға клуб салуды сұраса, махамбеттіктер аудан əкіміне сұрақ көтермеді. Барды бағалап, жоғын ел болып табуға ұйымдасқан тұрғындар жеке сұрақтары бойынша жолығуды ұйғарған. Макаровтық тұрғындар да ауылға клуб салуды, көң-қоқыс төгетін орынды талапқа сай рəсімдеуді, Садовый елді мекеніне ауызсу, Факель, Мирная елді мекендеріне газ өткізуді алға тартты. Халық саны қарқынды өсіп отырған Достық ауылында ескі мектепке балалар сыймай қалуы мүмкін. Тұрғындар да осы мəселенің шешімін тосуда. Көтерілген сұрақтарға жауап берген аудан басшысы биылғы жоспарға енбей қалған мəселер бойынша жұмыстанатынын жеткізді. Негізінен сұрақтардың бір қатары биыл шешіледі деп жоспарлануда. Негізгі əлеуметтік мəселелері шешімін тапқан ауыл тұрғындарының мəдениет ошағын салу туралы өтініштері өте орынды.