Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың халықпен есептік кездесуі бүгін Сұлукөл ауылынан басталды. 

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған соң аталмыш ауылда бұған дейін өткен кездесуде көтерілген жол жиегіндегі тал-теректі күзеп, жүру алаңын кеңейту мәселенің шешім тапқанын, енді ауылды облыс орталығымен қосатын жолдың қиындық келтіретін тұстарын жөндеу мәселесі қолға алынатынын жеткізді. Кейін округ әкімі сөз алып, жыл бойы атқарған жұмыстарынан мəлімет берді. Есептік кездесуге арнайы келген нөмірі 2 соттың төрағасы Ербол Нұрсұлтанов сот саласына енген өзгертулер жайында түсінік беріп өтті. Сұлукөлдіктерді Орал қаласы мен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктің тұрақсыздығы толғандыруда. Жиында бұл мәселені ауыл тұрғындары арасынан жолаушы тасымалымен айналысуға ниетті адам табу арқылы шешуге болатыны айтылды. Ауыл тұрғындарын толғандырған келесі мəселе интернет желісінің əлсіздігі. Облыстың немесе ауданның қауқары жете бермейтін ауқымды мəселенің үкімет деңгейінде қаралып жатқандығын айтқан аудан басшысы интернеті нашар ауылдар тізімінің жоғарыға жолданғанын жеткізді.     Елбасының тікелей қадағалауында тұрған мәселенің шешім табарынан ауыл халқы үмітті. Чеботарев ауылындағы кездесуде де аудан, ауыл әкімдері атқарылған жұмыстары жайында баяндаған соң, ауыл тұрғындарының бұған дейін көтерген жол мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқаны айтылды. Жол түгел жөнделмесе де, бойлай өскен тал-терегі кесіліп,  көктем, күз мезгілінде жүру мүмкін болмайтын тұстарын күтіп қарау керектігі  ескертілді. Сондай-ақ округке қарасты Хамино ауылы тұрғындарының ауылішілік жолдарды тазалау, ауыл клубының жылыту қазандығын жаңарту, интернет жылдамдығын арттыру, мектеп автокөлігін жаңалау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі үйірмелер ашу туралы сұрақтарына нақты жауап берді. Аталған ауыл тұрғындары "Шынар" кенішіндегі мұнай өндіруші кәсіпорындардың экологияға тигізер əсерін бақылауға алып, қатаң тексеруді ұсынды. 

Чиров округінде  тұрғындар жол жиегінің тазаланып, ауылдық медпунктті жылыту мəселесінің оң шешілгеніне ризашылықтарын білдірді. Мұнда да ауылға қатынайтын жолдың кей тұстарының жылдың мезгілсіз уақытында тіптен жүруге келмей қалуы. Əрине, жолдың бəрін бір сəтте жөндеп алу мүмкін емес, дегенмен қатынасқа қиындық тудыратын тұстарын мейлінше жөндеп алу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан аудан басшысы тұрғындардың өзге де  ұсыныс-пікірлеріне орай ой бөлісті.