Бүгін Зеленов ауданының əкімі Асхат Шахаровтың елмен есептік кездесуі Январцев, Рубежин, Дариян, Трекин ауылдық округтерінде өтті. Есептік кездесулерге Дарияндағы аудандық екінші сот төрайымы Ш. Зайнуллина қатысып, халыққа еліміздің сот саласына енгізілген жаңа бастамалар жайында түсінік берсе, аудандық мəслихат хатшысы Р. Исмағұлов тұрғындармен пікір алмасуда.

Аталмыш округ əкімдері мен аудан басшысының есептік баяндамаларынан соң сөз алған тұрғындар негізінен байланыс жүйесін жақсарту, интернет  жылдамдығын арттыру, ескірген электр бағандарын жаңарту, жердің ұтымды пайдалануын қадағалау, Январцев, Рубежин мектептерін күрделі жөндеу, ауыларалық жолды жөндеу, бұралқы иттерді аулау сынды мəселелер көтеріп, белсенділік танытты.

- Өткен 2017 жыл жалпы еліміз үшін де, ауданымыз үшін де табысты болды. Экономикамыздың дамуына ерекше ықпал ететін ауыл шаруашылында айтарлықтай өсім бар. Егіннен рекордтық өнін алынып, мал азығы жеткілікті дайындалды. Ауылдарға ауызсу тартылып, бірқатар жол жөнделді. Əлеуметтік маңызды нысандар күрделі жөнделіп, жаңа спорт нысандары мен балабақшалар іске қосылды. Жеке тұрғын үй салынатын аймаққа инфрақұрылым жеткізілуде. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады, - деген аудан басшысы Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында биыл аудан бойынша 35 жоба іске асырылатынын айтып, іскер азаматтарды үлес қосуға шақырды.

Ауылдарда өткен жылғы есептік кездесулерде көтерілген мəселелер толығымен шешімін тапқан. Мысалы, Рубежин ауылының халқы өткен жылы дəрігерлік амбуллаторияны жөндеп, пошта торабын қуатты интернетпен, қажетті оргтехникамен қамтамасыз етуді мəселе қылып көтерсе, дарияндықтар ауылдың ішкі жолдарын, мəдениет үйін жөндеу, мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп салу, қосымша балабақша ашу, ауылды абаттандыру, жарықтандыру жайын өткір көтерген. Бұл мəселелер толығымен шешіліп отыр. Тек Дарияндағы мектеп құрылысы биыл аяқталмақ.

Кездесуде жеке сұрақтарын сөз еткен тұрғындарға түсінік берген аудан əкімі Асхат Берлешұлы əр сұрақтың тиісті жауабы заң аясында беріліп, шешілетінін жеткізді.