Өркениетті қоғамның дамуына, өркенділік көшіне ілесуге кереғар әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлық секілді факторлардың алдын алу, қазіргі таңдағы мемлекеттің алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі.

Қоғамымыздағы ең қауіпті індеттердің бірі - жемқорлық еліміздің экономикасына, халықаралық беделіне, тіпті қорғанысы мен қауіпсіздігіне де нұқсан келтіруі ықтимал.

Ең басты біздің міндетіміз- бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту. Адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қөзқарасын түбегейлі өзгерту. Қоғам үшін күрделі және қауіпті  проблеманы шешуден ешкім тыс қалмауы қажет. Өйткені, оған елдің болашағы ғана емес, әрқайсымыздың тағдырымызда байланысты.

Елбасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек жазаға тарту шаралары емес, бұл мемлекет пен қоғам жұмыстарының кешенді түрде жүргізілуге тиісті,  істің жүйелі жұмыстарының жиынтығы екенін атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп Кодексінің талаптарын сақтау үшін, мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеу мақсатында облыс Мемлекеттік кірістер органдарында үнемі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін бағытталған бағ­дар­ла­малар жасалып, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, аталған заңнамалармен мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер қойылған.

Сондай-ақ, бұрынғы Заң бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаған тұлғаға жазаның шартты түрі қолдануы мүмкін болса, жаңа Қылмыстық кодекстің 63 бабымен жазаның шартты түрі алынып тасталған яғни мүлдем қолданылмайды.

Мемлекеттік қызметкерлердің  «Жеке табыс салығы және мүлік бойынша салық есептілігін (декларацияны)» тапсыруы бойынша, декларацияны мерзімінен кеш тапсыру, ондағы сұралып отырған мәліметтер мен иелігіндегі мүліктерді толық көрсетпеу фактілері жиі кездеседі. Мәселен, иелігіндегі автокөліктің сенімхат арқылы сатылуына байланысты, декларацияда ол жайлы мәлімет көрсетпейді. Алайда, уәкілетті органда бұл көліктің осы тұлғаның иелігінде тіркеліп тұруына байланысты сәйкессіздіктер туындайды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке кіріскеннен кейін бір ай ішінде өзінің меншігіндегі, пайдаланылуы табыс алуға әкелетін мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариалды куәландырылуға жатады. Бұл ретте, аталған декларацияны мемлекеттік қызметтен жағымсыз себептер бойынша босатылған адамдар және олардың жұбайлары босатылғаннан кейінгі үш жыл бойы табыс етуі тиіс.

Қаржылық бақылау шараларын бұзғаны үшін, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 274 бабының 1 бөлігінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметкерлер салық салу объектісі болып табылатын табыстары мен мүліктері туралы декларацияларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде қасақана табыс етпеуі - елу айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет - екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады.

Ұсынылған декларацияда тиісті мәліметтің толық көрсетілмеуі анықталған жағдайда, сәйкессіздіктерді жою жөнінде хабарлама жолданады және ол 30 жұмыс күні ішінде қосымша декларация тапсыру арқылы реттелуі тиіс.

Сонымен қатар, бұл жағдай сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика  және арнайы есепке алу  жөніндегі  органдарына арнайы есепке тіркелуге жатады.

Сондықтан, жоғарыдағыдай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін, әрбір мемлекеттік қызметкер декларацияны тапсырар алдында «Жеке табыс салығы және мүлік бойынша салық есептілігін (декларацияны) жасау» қағидаларымен таныса отырып тапсыру керек.

Мемлекеттік қызметкерлерге, оларға лауазымдық міндеттері түрінде жауапкершілік жүктелген және өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқаруға міндетті екендіктерін ұмытпауы мен сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға, оның алдын алуға жеке жауапты екенін түсінулері қажет және осы жағдайда ғана жемқорлық құқық бұзушылық және қылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар өз нәтижесін береді.

Бәйтерек ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы