Ұлт Көшбасшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлт мақтаныштарын насихаттау мақсатында «100 жаңа есім» жобасын іске асыруды ұсынды. Жоба туралы Елбасы: «Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы — Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы», — деп атап өтті.

Біз кейде аяқ астынан орын алатын жағдайларға дайын болмай жатамыз. Ал тосыннан шешім қабылдау, әсіресе адам өміріне араша түсу өз маманының шеберлері ғана тәуекел ететін іс. Қысыл-таяң шақта өте шебер шешім қабылдап, елдің ықыласына бөленген жандар арамызда баршылық. Солардың бірі — Зеленов аудандық орталық ауруханасының учаскелік мейірбикесі Елена Шушлебина.  Елена Сергеевна 1988 жылы қыркүйек айында Зеленов ауданы Переметный ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Батыс Қазақстан медициналық колледжінен «Акушерлік ісі» мамандығын тәмамдаған. Әріптестерінің арасында сыйлы, өзіне жүктелген міндетті тыңғылықты атқара білетін Елена ана мен бала өміріне араша түсу арқылы өз шеберлігі мен мамандығына деген адалдығын танытты. Оқиға былай болған. Тасқала ауданындағы ағайындарына қонаққа келген Роза есімді 35 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны айы-күні жетіп толғатады. Таңмен толғағы қысқан әйелді туыстары облыстық перинаталдық орталыққа жеткізуді ойлап, жолға шыққан. Алайда Переметный ауылынан 8 шақырым жерде толғағы жиілеп, босанатын уақыты жақындағанын байқаған әйелдің туыстары жедел жәрдем шақырады. Ағымдағы жылдың 19 шілде күні сағат 11:20-да Орал-Тасқала күре жолының бойында жүкті әйелдің толғатып жатқандығы жөнінде Зеленов аудандық ауруханасына хабар түседі. Акушер-гинеколог дәрігердің еңбек демалысында болуына байланысты босану бөлімінен тәжірибесі бар, учаскелік мейірбике Елена Шушлебина жедел жәрдем тобымен тиісті жерге жіберіледі. Тезірек іске кірісікен Елена жүкті әйелдің медициналық алмасу картасынан бесінші жүктілігі екенін көреді. Оны тексеру барысында баланың теріс келіп тұрғанын анықталады, яғни медицина тілімен айтқанда «паталогия». Мұндай жағдайда босандыру  дәрігердің қатысуымен өтуі керек. Өйткені тек дәргер ғана қажет болған кезде манипуляция немесе ота жасауға шешім қабылдайды. Тосын оқиғада Елена Сергейқызы босаңсымай, әйелді тыныштандырып, қолдау білдіреді. Роза аман-есен сағат 12:40-та қыз баланы дүниеге әкеледі. Мейірбикенің өмірінде бұл жағдай алғаш рет орын алған. Оның батылдығы мен біліктілігінің арқасында босану асқынусыз өткен. Санаулы минуттардан кейін дендері сау ана мен сәбиі Переметный ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Ерлігі ескерілген Елена «Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы ретінде Астана қаласында Елбасының қатысуымен өтетін салтанатты шараға аттанды.