Елбасы, ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Егіндібұлақ ауылында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтті.

Ауыл азаматтарының бас қосып, туған өлкесін абаттандырудың жолдарын ойласуына мүмкіндік жасаған кездесуге «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Тілекқабыл Қожағалиев және қазіргі таңда аудан орталығы мен Орал қаласында тұрып жатырған түрлі салада ауыз толтырып айтар жетістікке жеткен Виктор Железнов пен Елена Фадина келді.  Алдымен жиналғандарды Тілекбай Қажымұратұлы құттықтап, ауыл тұрғындары мен ауылдан көшіп кеткен азаматтардың арасындағы көпір іспеттес боп тұрған осындай форумдардың берері мол екендігін айтса, -Егіндібұлақ ауылы алақандай болғанымен Алатаудай тұлғаларымен шоқтығы бөлек, мерейі асқақ ауыл. Бірлігі берік, ынтымағы жарасып  еңбегі мен елдігі өзгеге өнеге болған өресі биік, өрісі кең ауыл. Соның айғағы – тәрбие атты тұмадан тамыры суарылған бәйтерек ауылдың саясында өткен осынау дүбірлі той-деген Тілекқабыл Қабесұлы форум қатысушылары мен ауыл қонақтарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да ауыл азаматтарының басын қосқан осындай жиындар өткізіп тұратынын айтты. Әсем ән төгіліп, әдемі би биленген кеш барысында келген қонақтар да сөз алып, осындай форум өткізіп жатырған ауыл әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.


Дәл осындай атаумен Зеленый ауылында да ауылдастар форумы өтті. Елбасының бағдарламасын іске асыру мақсатында оздырылған бұл шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талшынай Жүніс, ауыл әкімі Ізғали Дәулетов және басқа ауыл қонақтары келді. Зеленыйлықтар форум қонақтарына арнап, клуб фойесінде ауыл тарихынан сыр шертер көрме ұсынды. Әсіресе, еңбек ері Қариполла Абдушев пен соғыс ардагер Генадий Ветровқа арналған стент көпшілікке ұнады. Одан әрі форум ауыл көркемөнерпаздарының концертіне ұласты. Әсем ән әуелеп, тұрғындарға тамаша көңіл-күй сылаған шара басында сөз алған Талшынай Орынбекқызы: -Туған жер – әр адамның түпқазығы. Рухының бесігі. Ауыл – тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Сол алтын орданың қадірі мен қасиетін аспандатқан, асқақтатқан Зеленый ауылының атымтай азаматтары Елбасы саясатын берік қолдайтындарын ісімен дәлелдеді,-десе, ауыл әкімі Ізғали Сапарғалиұлы: -Дархандығы даласымен өлшенген, асқарлығы дастарханымен өлшенген, асы барда беріп жүріп ел таныған, аты барда желіп жүріп жер таныған ауылдастарымыз еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпірінде бар. Олардың әрқайсысы елге келіп, туған ауылының қазіргі тынысымен танысқысы келеді. Бүгінгі форум сондай азаматтарды елге шақырып, ауылымыздың гүлденіп жатқанын көрсетер тамаша мүмкіндік. Форум әлі де жалғасын табады.Елбасымыздың бастамасын бір адамдай іске асырайық,-деп ауылға 2002 жылы келіп, зеленыйлықтардың ақ батасын алған дәрігер. Осы күні Орал шаһарына қоныс аударғалы жатырған Орынбасар Ахановқа алғыс хат пен естелік сый тарту етті. Бұндай құрметке разы болған Орынбасар Аханұлы да осы жылдар ішінде ауыл азаматтарына бауыр басып қалғанын айтып, тұрғындарға сәттілік тіледі. Форум барысында ауыл ақсақалдар кеңесінің тқөрағасы Амангелді Мыңбаев, ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Ефимов, ауылдық клуб меңгерушісі Анатолий Калоша және мектеп директоры Владимир Харкин сияқты азаматтар баяндамаларын оқып бірлігі бекем ауылда өмір сүріп жатқандарын мақтан тұтатынын айтты. Береке-бірлігін айғақтаған ауыл азаматтарының осынау бастамасы келешек жас ұрпақ бойына елжандылық қасиетті сіңірді деп ойлаймыз.