2017 жылдың 07 желтоқсаны күні Переметный ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» атты форуым оздырылды. Форумға ауылдық округтің елді-мекендерінде дүние есігін ашып, білім алған, қазіргі таңда өз ісінің майталмандары болған тұлғалар арнайы шақырылды. Алдымен форумға келген қонақтарымыз «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан бастады. Қ.Аманжолов атындағы ЖОББ мектебіндегі өлке тану мұражайын тамашалап, аудандық кітапханасының дайындаған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» атты кітап көрмесімен танысты. Переметный ауылдық округі туралы бейне ролик көрсетіліп, форумды құттықтау сөзімен ашқан Переметный ауылдық округінің әкімі А.Ж.Джумакулов форумға қатысқан ауыл тұрғындарына алғыс білдіріп, округтің көркеюіне үлес қосуға шақырды. Форум қонағы болып арнайы келген аудандық мәслихат хатшысы Р.Т.Исмагулов ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын форум қатысушыларына кеңінен түсіндіріп өтті. Мектеп директорлары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша мектептерде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті. Ал Киров негізгі мектебінің директоры Г.Б.Калиева арнайы форумға дайындаған бейне ролигін көрсетіп, форум тақырыбында баяндама жасады. Форум соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.