Осы аптада Көшім ауылдық округі Үлкен Шаған мектебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру – жастар жолы» тақырыбында жастар басқосуы өтті.

 Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйтқы болуымен өткен шараға каратэ-додан әлемнің үш дүркін чемпионы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қатысушысы, Белес мектебінің 11 сынып оқушысы Аида Имақанова, Халықаралық «Бурабай-2017» спорттық жарысының қола жүлдегері, спорттық бағдарлаудан ұлттық құрама мүшесі, ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, облыстық спорттық бағдарлау спортының абсалюттік чемпионы Естай Кенгесбаев арнайы шақырылған. Сондай-ақ жас таланттарды өнерге баулудың шебері, белгілі бапкер, аудандағы жас туристер станциясы спорттық бағдарлау бөлімінің меңгерушісі Серік Хайруллин мен Янайкин ауылдық клубының меңгерушісі, талай шәкіртін дәстүрлі ән-күй әлеміне қанаттандырған Мирас Шамашевтар келіп, жаңғыру тақырыбында ой бөлісті. 

Шараны ашып, жүргізген ресурстық орталық басшысы Нұржан Ешмұратов басқосудың негізгі мақсаты спортта аудан намысын қорғап, ұлт өнерін дәріптеп жүрген таланттарды таныту, үлгі ету екендігін айтып, сөз тізгінін аудандық мәслихат депутаты  Нұржан Дүзбатыровқа берді. – Елдің рухани жаңғыруына үлес қосуы үшін әр адам өзінше ізденуі керек. Үшінші жаңғыру тұсында жастарға қандай үміт артылып, болашақтың бағдары қандай негізге сүйенеді деген сауалға жауап іздесек, осыны түсінеміз. Мәдениет пен спортта, өнер, білім мен ғылымда немесе кәсіпте озық идеясын ұсынып, оның сәтті іске асуына қоғамды жұмылдыру – жаңғырудың басты шарты дер едім. Елдің өткен тарихын терең танып, бүгінгі қоғамның дамуына үлес қосу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Бүгінгі басқосуға деңгейі жоғары додада ауданның намысын қорғап, көк туымызды әлемге әйгілеген балғын спортшылар арнайы келді. Ұлттың болашағын ілгері жетелейтін өр мінезді, нағыз патриоттар осылар, — деген Нұржан Тоғызбайұлы қоғамда ерекше қолдауға ие болған тың бастамалар туралы кеңінен әңгімеледі.  Одан әрі сөз алған Аида Имақанова жетістігінің басты шарты еселі еңбек екендігін баса айтты. – Менің жаттықтырушым Фархат Қазбекұлы суық залды ағаш жағып жылытып, бізді жаттықтыратын. Осылайша ол бізді қиындықты жеңіп, алға қойған мақсатқа қалайда жету жолында тайсалмауға тәрбиеледі. Спорт тек жеңістерден тұрмайды, көп тер төгіп, ұдайы жаттығудың нәтижесінде өз арманыма ақырын жылжып келемін. Мақсатым олимпиада шыңын бағындыру, — дей келе, өз қатарластарын білімге ұмтылуға, тілді меңгеріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Басқосуда бірнеше шәкірті биік белесті бағындырып үлгерген білікті бапкер Серік Хайруллин чемпиондардың жеңісті жолын саралап, туризмнің тәрбиелік мәні туралы айта келіп, жас туристер станциясының жұмысын бейнеролик арқылы таныстырып өтті. – Рухани жаңғырудың үлкен үлесі жастарға тиесілі. Жастар неғұрлым белсенділік танытса, соғұрлым мақалада діттелген міндеттер іске аспақ, — деген Мирас Қуанышұлы тыңдарман назарына өзі жетекшілік ететін домбырашы өрендердің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйі мен халық әні «Ахау-керім» әнін тарту етті. Шараны түйіндеген Үлкен Шаған мектебінің  директоры Ботагөз Шағиқызы келелі әңгіме өрбітіп, жастарға ой салған кеш ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.