рисунок

Бүгін Достық және Трекин ауылдарында таза ауыз су құбыры іске қосылды.

Достық ауылының су құбыры мемлекеттік "Ақ бұлақ" бағдарламасымен қайта жабдықталып, қосымша мыңнан астам абономентті жаңа құбырмен қамту көзделген. Халқының саны қарқынды өсіп отырған Достықта жыл сайын жекенің есебінен жүзден аса тұрғын үй іске қосылуда. Әзірге су құбырына ауылдағы әлеуметтік нысандар мен жаңадан бой көтерген 220 тұрғын үй қосылған. Ауыл халқының қуанышымен бөліскен аудан әкімі Асхат Шахаров тұрғындарға келер жылы атқарылатын жұмыстар туралы баяндап, жаңа жылмен құттықтады. Шарада тұрғындар атынан сөз алған еңбек ардагері Мақсот Әлменов жаңғырған жаңа құбырдың халық игілігіне қолданылуын тіледі.

Трекинде су құбырының құрылысы толықтай аяқталды. Бұрын әр үй ауыз суды өз ауласындағы жерқұдықтан сусорғы арқылы пайдаланып келсе, енді "Ақ бұлақтың" игілігін көрмек. Мұнда да мыңнан астам жаңадан бой көтерген тұрғын үйді таза ауыз сумен қамту жоспарланған. Күні бүгін 123 тұрғын үй жаңа құбырға қосылған.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 7 ауылға таза ауыз су құбырын жүргізу жұмысы басталып, оның төртеуі (Поливное, Егіндібұлақ, Достық, Трекин) аяқталды. Қалған 3 ауылда (Асан, Үлкен Шаған, Володар) су құбырының құрылысы келер жылы аяқталмақ.

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок