08 10 18 news 1

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын көтеру» атты жаңа Жолдауын ықыласпен тыңдадым. Елбасының бұл жолғы жолдауында да біраз өзекті мәселелердің қамтылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Жолдаудың тақырыбының өзі отандастарымыздың әл-ауқатының өсуі, соның негізінде табыс пен тұрмыс сапасын арттыруды көздеп отыр.

 Елбасы әр адам еңбекқорлығын танытып, өз кәсібін жақсы игергенде ғана табысы арта түсетінін айтты. Ел экономикасын дамытуға қуатты талпыныс берген «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін ескеріп, оның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартып, оны жүзеге асыру үшін қосымша қаражат көзі қарастырылмақ. Бұл қосымша кәсіп көзін, жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті одан әрі қолдау бағытында бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан, қылмыстық қудалаудан қорғауға алады. Үлкен қолбайлау келтіретін көлеңкелі экономикамен күресу үшін бұрындары болған экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттігі де айтылды. Бұдан басқа табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтерді реттеп отыру, көлік-логистика қызметін жетілдіру, шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестиция салу, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін жақсартып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын көбейту, инновациялық технологияларға ерекше көңіл бөлу, қаржы секторының рөлін күшейту, оны сауықтыруға жұмыстану, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын тиімді басқару Жолдаудағы халық табысының өсуін жақсарту жолындағы жеті тапсырмаға негіз болады. Аталған шараларды жүзеге асырар болсақ қазақстандықтардың табысы артып, тұрмыстары одан ары түзелері сөзсіз.

Мен аудандық мәслихат депутаты ретінде әр қазақстандықтың табыс пен тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған жаңа жолдауынан туындаған міндеттерді әріптестеріммен бірге жүзеге асыруға дайынмын.

Нұрлыбек ХАЙРУЛЛИН,

аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер