рисунок

Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылында елордасы Астананың 20 жылдығы мерекесіне арналған гала-концерт өтті. "Олимп" стадионында өткен концертке мыңдаған көрермен қатысты.

Салтанатты мерекелік концертте Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.

- Қазақ елінің жасампаз тарихында алтын әріппен жазылатын мерекелердің бірі – Астана күні. Біз тәуелсіздігіміз туралы айтсақ, Астананы айтпай тұра алмаймыз. Өйткені, Елбасы және елорда, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президенттің есімі ажырамас, айнымас егіз ұғым. Астана – Елбасымыздың төл туындысы. Сарыарқа төсінде гауһартастай жарқырап тұрған елордамыз бүгінгі таңда әлемнің таңданысын оятқан, бәрін мойындатқан ғаламат жоба. Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлап отырмыз. Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана күннен күнге жарқырап-жайнап, еліміздің абыройын, мемлекетіміздің келбетін асқақтатып келеді. Астана – бейбітшілік, ынтымақтастық және келісім ордасы. Сіздерді тағы да Астана күнімен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақытты ғұмыр тілеймін, - деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы

Думанды мерекеде аудан басшысы қоғамның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты Құрмет грамотасымен марапаттады.

Зеленов ауданы төріндегі гала-концертте елімізге танымал қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қуандық Рахым өнер көрсетті. Танымал əншінің орындауындағы əндерді көрермен жылы қабылдап, қошемет көрсетті.

Кеште Отан, туған жер, махаббат, Астана, достық тақырыбындағы туындылар мен ел жүрегінен мәңгі орын алған әндер шырқалды. Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.

 

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

Ертай БИМҰХАНОВ,
Зеленов ауданы

Суреттерді түсірген Маралбек Амантаев