ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Зеленов ауданы Мичурин ауылында халықпен кездесіп, пікір алмасты.

Аудан әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жан-жақты сөз болды.

Халық қалаулыларына қош келдің айтқан аудан басшысы Елбасының әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің орындалу жайын қысқаша шолып, сөз кезегін сенаторларға ұсынды. 

– Елбасының бастамасын іске асыру бағытында Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, елмен жүздесіп жүрміз. Жыл басында Елбасы дәстүрлі Жолдауы арқылы жаңа даму бағытымызды діттеген 10 негізгі басымдықты нақтыласа, енді Президенттік бес әлеуметтік бастамасы өміршең міндеттерді алға тартуда. Әр бастаманың өз алдына экономикалық есебі жасалған, түпкі нәтижесі екшелген. Енді бастаманы іске асыруға қажетті заң нормаларын жетілдіріп, өңірлердің әлеуетіне орай жоспар жасақталуда. Шынымен, елімізде жыл сайын қанша жаңа пәтер тапсырылса да қажеттілікті жеткілікті деңгейде өтей алмауда. Тұрғын үй мәселесін шешудің халыққа тиімді шартын ұсынған бастаманың жуырда тұжырымдамасы қабылданады. Айлық табысы 25 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) төмен жандарға салықтың мөлшерін азайту арқылы қолдау көрсету, жастардың жоғары білім алуына мемлекеттік грант санын арттыру, жатақхана мәселесіне мемлекеттік деңгейде екпін салу, шағын кәсіпке арналған несие көлемін ұлғайту және жаппай газдандыру үдерісі қоғамды келесі даму биігіне бастайтын қадам, - деген сенатор Нариман Төреғалиев әр бастама іске асырылғанда жаңадан жұмыс орындары құрылып, тұрғындар табысы артатындығын айтып өтті.

Пікір алмасу барысында аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл тұрғындары әйел адамдар үшін зейнетке шығу жасын ұзартудың қисынсыздығын, ауыл-аймақты абаттандыруға қолдаудың аздығын, «7.20.25» бағдарламасын ауылда іске асыру қажеттігін, білім саласындағы ұстаздардың еңбек жүктемелерінің жүйесіздігін, мектеп оқушыларына бірыңғай киім үлгісін заңмен белгілеу керектігін алға тартты. 

Халық қозғаған мәселелерге қатысты бүкпесіз ой білдірген депутаттар кей сұрақтар бойынша тиісті министрліктерге сауал жолдайтындықтарын жеткізді.