Елбасының 2018 жылдың 10-қаңтарында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауынның «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» аталатын 9-міндетін орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы  мәдениетті қалыптастыру жөніндегі 2018 жылға арналған кешенді жоспар белгілеген болатын.

Сол жоспардың «Адал жол-Честный путь» атты марафоны аясында еліміздің барлық өңірлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шаралардың бірі ауданымызда өткен «Біз жемқорлыққа қарсымыз» атты мәдени-көпшілік шарасы. Оған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Болат Исақов, аудан әкімі Асхат Шахаров, бөлімдер мен мекеме басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен шараға жиналғандар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тақырыпқа сай дайындаған кітап көрмесін тамашалады.

Жиында ашқан Асхат Берлешұлы ауданда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынғанын айтып, қоғам дертімен күресуді тоқтатпау керектігіне тоқталды. Одан кейін Болат Әлмұханұлы сөз алды. –Бүгін «Адал жол-Честный путь» марафоны бастау алды. Отанымыздың өркендеуіне тұсау болатын жемқорлықпен күрес әр азаматтың қасиетті борышы. Осы бір тамаша бастамамызды жастардың қолдай келгені қуантады. Өйткені Елбасымыздың өзі де Қазақстанымыздың болашағы жастардың қолында екенін әрдайым айтып отырады. Баршаңызды адал қызмет етіп, жемқорлықсыз боашаққа бірге жетуге шақырамын,-деп аудан басшысына «Адал жол – Честный путь» марафон эстафетасының кітабын ұсынды. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев те өз ойын білдірді. Оның айтынша аудандағы ешбір мемлекеттік қызметші жемқорлыққа апарар іс-әрекет жасамаған. Бұл да бір қуаныш.сондай-ақ аудан жастары атынан сөз алған Перемтный мектебінің оқушысы Анастасия Трупакова сыбайлас жемқорлықтың ел дамуына тигізер кесірі жайында ойын білдірді. Шара соңы аудан көркемөнерпаздары дайындаған концертке ұласты.