Аудан əкімі Асхат Шахаров «Халықтық» атағын иеленген өнерпаз ұжымдармен жүздесті. ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің 2018 жылғы #41 бұйрығы бойынша келген айтулы атаққа ауданнан 4 өнер ұжымы қол жеткізген болатын.

 — Кез келген мемлекет өзгеден ең алдымен мəдени дəрежесі арқылы ерекшеленеді. Мəдениетті дамыту, кейінгіге насихаттау, дəстүрдің озығын дəріптеудегі еңбектеріңіз жоғары бағаланып отыр. Мен əр ұжымның қажырлы еңбегіне, бай репертуарына қанықпын. Халықтың сіздерге деген ерекше ықылсын да көріп жүрміз. Еңбектің бағалануы ел алдындағы абыройларыңызды арттырып, жаңа биіктерге жігерлендіреді деп сенемін, — деген аудан басшысы аудандық мəдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық «Ақ ниет» əжелер ансамбліне (жетекшісі Г.Қасиетова), Үлкен Шаған мəдениет үйінің үлгілі «Нұрай» би ансамбліне (жетекшісі Г.Алканова), халықтық «Достық-дружба» ансамбліне (жетекшісі С.Саяпин), Калинин ауылдық мəдениет үйінің халықтық «Калинушка» орыс ұлттық фольклорлық ансамбліне ( жетекшісі Н.Сажина) «Халықтық» атағын беру туралы куəлік табыстап, өнерпаз ұжымдарға шығармашылық өрлеу тіледі. Өз кезегінде сөз алған ұжым жетекшілері өнер жолындағы бір мүддеге тоғысқан ойларымен бөлісіп, елдің мəдениеті мен өнерінің кең қанат жаюына ұдайы қолдау танытып жүрген аудан басшылығына шынайы ризашылықтарын жеткізді.