Спорт тарихында ойып тұрып орын алған Мюнхен олимпиадасындағы АҚШ пен КСРО құрамалары арасындағы фантастикалық баскетбол финалының қалай аяқталғанын көзі қарақты жанкүйерлер білгенімен 1936- жылдан бері олимпиада алтынын ғана емес, барлық  жарыстарда ешкімге жеңілмеген Америка құрамасын тоқтатқан совет елінің баскетбол құрамасы сапында өзіміздің қаракөзіміз Әлжан Жармұхамедовтың болғанын екінің бірі біле бермейді.

Жуырда ресейліктер осы бір ойын туралы «Движение в верх»  фильмін түсірді. Аталмыш лентаның басты кейіпкерлерінің бірі Әлжан Жармұхамедов өңірімізге келіп, ауданымыздың және Орал қаласының оқушыларымен бірге фильмді тамашалады. Көрермендер арасында облыс әкімі Алтай Көлгінов пен аудан әкімі Асхат Шахаров та болды. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионын жиналған жұртқа таныстырып, алғыс хат ұсынған өңір басшысы көрермендермен бірге фильмді тамашалады. Бастан аяқ көрерменін түрлі оқиғалар мен спортшылардың бастан кешкен  қиындықтары арқылы қызықтыра түсетін лентаны көрген әр оқушы тамша әсер алды десек артық айтпағанымыз. Сүйікті баскетболшылары Әлжан Жармұхамедовты көрсеткен әр көрініс сайын шапалағын аямаған көрерменге даңқты спортшымыз дән риза. Фильм соңында ортаға шығып, пікірін білдірген Әлжан Мүсірбекұлы;-Ақжайық өңірі шақыруын қуана қабылдадым. Өйткені бұл мекен менің ата-бабамның қонысы. Бұл фильмнің шын өмірде болған оқиға желісі негізінде түсірілгенін барлығыңыз білесіздер. Маған осындай құрмет көрсетіп жатқан әр қазаққа деген ризашылығым шексіз,-деді. Фильмді көріп шыққан көрермендер де осындай даңқты спортшымыздың болғанын білмегенін айтып, лента жайындағы пікірдерін білдіріп жатты. Солардың бірі Дариян ауылынан келген Марзия Қонысбаева: -Шынымды айтсам, қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров деп ойлап келдім. Біздің Әлжан Жармұхамедов сияқты  спортшымыздың боғанын осы фильм арқылы біліп отырмын. Движение в верх қатты ұнады. Атыс шабысқа толы басқа фильмдерден гөрі тәрбиелік мәні бар, тарихтан алар орны бар осындай фильмдер көбірек түсірілсе екен,-дейді.