Аудан әкімінің халықпен есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданда жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру алаңы» жұмысымен танысты.

Елбасының бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ашылған алаң бірнеше кіші бөлімдерді қамтиды. Алаң төріндегі «Рухани жаңғыру» айдары келушілерге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген негізгі 6 бағыты туралы кең мағлұмат береді. Ел, аудан тарихынан сыр шертер жәдігерлер қойылған ұлттық бөлімде осыдан бір ғасыр бұрын пайдаланылған домбыра, көк бөрінің терісі, асық, қамшы және өзге де тұрмыстық ұлттық бұйымдар қойылған. Келесі бөлім «Алтын дәнді жасыл өлке» деп аталады. Ол жерден келушілер ауданда еңбек етіп, туған жерінің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы ақпараттарға қаныға алады. Сондай-ақ алаңда ауданның екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тарихи мәліметтері топтастырылып, ауданнан шыққан 6 Кеңес Одағының Батыры жайында мәліметтер мен соғыс ардагерлерінің жеке заттары қойылған. Алаң ортасында «Елі сүйген, елін сүйген — Елбасы» тақырыбында көрме жасақталған. Көрмеден Ұлт Көшбасшысы туралы жазылған кітаптар мен Елбасының әр жылдары Зеленов ауданына жасаған сапарларынан суреттер тамашалауға болады. Сондай-ақ орталықтан аудан тарихынан сыр шертер құнды жәдігерлермен танысып, еліміздің кешегісі мен бүгіні туралы ақпарат алуға мүмкіндік мол. Ал аудан көлемінде әлеуметтік-экономикалық және рухани жаңғыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметті білгісі келгендер алаң ортасына орнатылған экран арқылы ала алады. «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесінің жұмысын бағамдаған өңір басшысы тың бастаманың жүйелі жұмыстануын алға тартты. Рухани жаңғыру бағытындағы бастамаларға нұсқаушылық жасайтын алаңның ұдайы ізденісте болып, тұрғындар тарапынан жасалған игі ұсыныстарды тиімді іске асыру бағытындағы жұмысына сәттілік тіледі.