Аудан әкімінің халықпен есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданда атқарылған жұмыстарды оң бағалап, облыс ауқымында жүзеге асырылатын жұмыстар туралы ой бөлісті. 

Алдымен жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысқан өңір басшысы тың бастаманың жүйелі жұмыстануын алға тартты. Рухани жаңғыру бағытындағы бастамаларға нұсқаушылық жасайтын алаңның ұдайы ізденісте болып, тұрғындар тарапынан жасалған игі ұсыныстарды тиімді іске асыру бағытындағы жұмысына сәттілік тіледі. Ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат жиынға қатысушылар назарына бейнебаян арқылы ұсынылды. Бейнебаянда ауданның бюджеттік-салықтық түсімдері, ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастарын реттеу, халықты сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамту, жол жағдайын жақсарту, абаттандыру, өңірлерді дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы мәліметтер келтірілді.

Кейін аудан әкімі Асхат Шахаров мінберге көтеріліп, жыл бедерінде атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды. – Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халықты хабардар ету мақсатында барлық 22 ауылдық округте елмен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсаттарымызды нақтыладық. Есептік кездесулерде талқыланған барлық мәселелер Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асырумен сабақтаса жүзеге асырылады. Әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді көздеп, Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан елімізде талай толайым істер жүзеге асуда. Еңбексүйгіш халқымыздың бірлігі мен ынтымағы арқасында ойға алған барлық істеріміз орындалып, межелеген мақсаттарға қол жеткізіп келеміз. Өткен жылы ауданда халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызмет сапалы орындалып, әр салада міндеттелген ісімізді тиянақты жоспарлау арқылы айтарлықтай белестерді еңсердік.

Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасын таба береді — дей келе, «100 нақты қадам» ұлт жоспарын тиянақты іске асырыу, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарды еңсеру, цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауданда таза ауыз су тарту, жол жөндеу, әлеуметтік ғимараттарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, абаттандыру, тұрғын үй салу жұмыстары қарқын алмақ. Есептік кездесуде сөз алған тұрғындар ауыл көшелеріне қатқыл жол төсеу, ашық стадионды жабдықтау, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектің тапшылы, мемлекеттік қызметтегі жас мамандардың өсуі, тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізуге жер телімін бөлу мәселелерін алға тартты. Әр сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы мінберге көтерілді. – Бүгін баяндалған істеріміз алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықтың ырыздық-ырысын арттыра бермек. Біз берекені көктен емес, еткен еңбектен тілейтін елміз. Осынау кездесулерде көтерілген сұрақтардың сапасы да, мазмұны да өзгергені мені шын қуантады. Біздің алдымызда бір ғана Ұлы мақсат бар. Ол – бірлігі мығым, ырысы мол, жастары білімді, тілі мен ділі берік сақталған Мәңгілік елге айналу. Бұл тұтас халқымыздың ізгі арманы, игі ниеті. Ел игілігі үшін жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданған құжаттар өз нәтижесін беруі үшін бәріміз жауаптымыз, — деген өңір басшысы өңірдегі ең негізгі жол, ауыз су мәселелерінің мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында шешіліп отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ халықты баспанамен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге жағдай жасау, ауыл шаруашылығын дамыту сынды өзекті мәселелердің күн тәртібінен түспейтіндігіне тоқталып, бұл салада Зеленов ауданының әлеуеті жоғары екендігіне назар аударды. Құнарлы топырақта егіннен мол өнім алып, мал басын асылдандыру арқылы ет, сүт өнімін еселей білген зеленовтық шаруаларға ризашылығын білдірген ол қол жеткен нәтижелерді төмендетіп алмауды қаперледі. Жиын барысында көтерілген әр сұраққа жауап берген Алтай Сейдірұлы тұрғындарды Елбасының Жолдауын іске асыруға жұмылуға, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына белсенді үн қосуға шақырды.