Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мәреге жеткен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, жерлесіміз Ақсерік Сарыұлы Әйтімовті таныстырып жатудың өзі артық.

Ақсерік Сарыұлы егеменді еліміздің жарқын болашағы жолындағы Елбасы саясатының жүзеге асуына белсенді атсалысқан, өмірін ғылым-біліммен байланыстыра жүріп орасан жетістіктерге қол жеткізген білікті азамат. «Шапағат» медалінің, «Құрмет» орденінің Халықаралық дәрежедегі «Біріккен Еуропа» марапатының иегері. Тау тұлғаның ғылыми жетістіктерге негізделген жаңа инновациялық жобалар бойынша бастамаларды жүзеге асырудағы және білікті мамандар дайындаудағы еңбегі ерекше. Еліне сіңірген еңбегі еленіп, көпшіліктің онлайн дауыс беруі нәтижесінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған жерлесіміз бүгін туған жері Белесте болып, ауылдастарымен жүздесті. 

Ауылдастарының ерекше ықыласымен ақтан дәм татып, төрге озған жоба жеңімпазын алдымен аудан әкімі Асхат Шахаров құттықтады.  – Адам үшін туған жерден артық ештеңе жоқ. Осы топырақтың киесі Ақсерік Сарыұлын үлкен өмірге қанаттардырса, ауылдас ағайын ұдайы тілеуін тілеп отырады. Туған даласына кіндігінен байланған сіз секілді тұлғалар қанша жырақта жүрсе де азаматтық парызын ұмытқан емес. Осы ауылдың гүлденуіне, жастарының жол табуына, ардақтыларының құрметке бөленіп, таланттыларының елге танылуына сіз ерекше үлес қосқан жансыз. Елбасының саясатына жан жақты ісімен қолдау танытып, жас ұрпақтың заманауи технологияның, компьютерді терең меңгеруіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Өңірдегі әрбір үшінші азаматтың сіз құрған ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің тыңдаушысы екендігін біз мақтан тұтамыз. Ақпараттық технологиялар, радиоэлектроника мен телекоммуникация саласындағы мамандар елімізде үлкен сұранысқа ие. Ол мамандарды дайындау үдерісіне инновациялық технологияларды енгізе отырып, кадр дайындаудың деңгейін көтеру үшін Ресейдің және алыс шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарды тиімді пайдаланып, білім жүйесін жаңғыртуға зор үлес қосып келесіз. Отанымыздың өркендеуі, халқымыздың игілігі жолында әлі де талай істерді атқаратыныңызға сенімдіміз. Сізге шын жүректен зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, — деген Асхат Берлешұлы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етіп, жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі екендігін атап өтті. Туған жер туралы шырқалған әдемі әннен соң кеш кейіпкеріне сөз тізгіні ұсынылды.

– Жобаға өңір халқының қолдауымен, ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің қолпаштауымен қатыстым. Онлайн жүйеде маған дауыс берген халқымның, әсіресе жастардың ықыласы мені шын толқытты. Маған бүкіл халқымның ақпараттық технологиямен достасып, ерекше құрметтеп қарағанын ұғындым. Бірақ, негізгі жауапкершілікті Елбасымен болған кездесуде бір-ақ сезіндім. Елбасының өзі сағаттап отырып, әрқайсымызға назар сала әңгімелескенде жобаның маңыздылығын шынайы түсіндім. Мені өсірген осы ел. Ауылдастарымның, көрші-көлем, дос-жарандарымның ықпалы ерекше еді. Ауылдағы Өмірбаев, Ысқақов, Малаевтар әулеті еңбек қаһармандары ретінде елге үлгі болды. Балалық шағым темір жолдың бойында өткесін болар, арманымыз асқақ болды. Сол темір жол саласының жыл санап жетілуі бізге де әсер еткен болуы керек, қиялшыл едік. Енді ойлап отырсам, ауылымызға Белес атауы тегін берілмеген. Бұл біз еңсерген белесті меңземейді, бұл халқымыздың келешекке деген ынта-жігерін танытып тұр. Алақандай ауылдан бой түзеген «Белес-Агро» диірмені, «Батыс-Пауэр» электростанциясы, «Жайық Мұнай» мұнай терминалы сынды алпауыт кешендер осындай ойға жетелейді, — деген Ақсерік Сарыұлы қазақстанның болашаққа жасаған қарышты қадамдары туралы кеңінен әңгімеледі. Ауыл тақырыбының желісін үзуге қимаған тізгінші Мұратжан Жолбаев «Ауылды аңсау» әнен құйқылжыта шырқағанда ауыл халқы бірге ән салды. Одан әрі көрермен назарына «Отбасым менің байлығым» тақырыбында кейіпкердің отбасы туралы бейнетаспа ұсынылып, кеш «Аға тілегі» әнімен әрленді. Ақсерік ағаның өзі өнерден құр-жаяу азамат емес. Түрлі аспаптан әуен төгілтіп, әдемі дауысымен ән шырқап орта сәнін кіргізіп отыратын жан туған жер төсінде тосылып қалсын ба?! Сахнаға домбыра алдырып, жерлес ақынымыз А.Қадырбаеваның «Барып қайт, балам, ауылға» әнін орындағанда тебіренбеген жан қалмады.