Ақын, ардагер ұстаз, «Еңбек ардагері» медалінің, ҚР Білім министрлігі «Құрмет» грамотасының иегері, Достық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құмарғали Ғұбайдоллаұлының «Дала дауысы» жыр жинағы жарық көрді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жарық көрген жыр жинағын «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова құрастырып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тасқала ауданы мен Орал қаласының құрметті азаматы, ақын Айтқали Нәріков редакторлық жасаған. Құмарғали Ғұбайдуллиннің есімі оқырманға тосын естілмесе керек. Оның өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде ұзақ жылдар бойы жарияланып келе жатыр. Жаңа жылдың алғашқы күні 80 жасқа толған ақынның жыр жинағы жергілікті «Шұғыла Принт» баспасынан жарық көрген. Жинаққа енген жырлар «Көк туым желбірейді», «Туған жер толғаулары», «Жырым — сырым», «Арнауым — ақ тілегім», «Ән-самалым» сынды бөлімдерге мазмұндалып берілген. Оқырманға ой салып, ұлт рухын асқақтатар жыр жинағының тұсауын кеш қонақтары Айтқали Нәріков пен Шолпан Батырқызы кесіп, авторға шығармашылық табыс тіледі.  Ауыл ардагерлері кеңесіне жетекшілік жасап, үнемі қоғамдық істің бел ортасынан табылып жүретін ардагердің жыр кешін аудан әкімі Асхат Шахаров ашты. – «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы туған жерінің гүлденуіне, елінің рухани жаңғыруына үлес қосуға ниетті жандарды біріктіреді. Халықтың өнері мен мәдениетінің, тілі мен әдебиетінің құрметтелуі, насихатталуы сол елді рухани жаңғыртудың ең тиімді жолы.  Ендеше бүгін аудан тарихында ерекше айшықталған сәт. Тарихтың тар тұстарында ұлттың мұңын мұңдап, ұрпаққа үнін жеткізген өлең ғана. Көнеден жеткен жыр сарын талай тарихтың ізін жалғап, талай ұрпаққа жолашар болды, — дей келе, жинақ авторына сый-сияпат ұсынды. Одан әрі Құмарғали Ғұбайдоллаұлының өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеп, еңбекті сүюге шақыратын шығармашылығын насихаттап жүрген аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының басшысы Жеңісгүл Жаңабаева ақынның еңбек жолы туралы ізденісімен бөлісті. Құмарғали Ғұбайдоллаұлы 1938 жылдың қаңтарында Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1956 жылы Қалдығайты орта мектебін бітіріп, қоғамдық еңбекке араласқан. 1958 жылы Орал педагогикалық институтына түскен. Үш жыл әскер қатарында болып, 1965 жылы өз ісінің маманы атанады. 1966 жылы Қазақстан компартиясы Қаратөбе аудандық комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылып, кейін аудандық «Еңбек туы» газетінде қызмет жасаған. Ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім, директордың орынбасары болып жемісті еңбек еткен. «Дала дауысының» алғысөзінде: «Құмарғали Ғұбайдоллаұлы өлеңдеріне тақырыпты алыстан іздемейді, күнделікті өмірді нысан етеді. Жүрегі ақ, сезімі сергек жан көлеңкеге көңіл аудармай, жарықты, жақсылықты жырларына арқау етеді. Ол жастарға үміт артады, болашаққа сенеді» деп жазыпты замандасы Айтқали Нәріков. Осы ойын толықтыра түскен ақын кеш барысында авторға ізгі тілегін арнаса, Шолпан Батырқызы айтыс өнеріне қанатын қомдап, ұлы сапарыға ақ жол тілеген аға арманының орындалғанын айтып, отты өлеңнен жырсүйер жастардың рухани күш аларына сенім білдірді. Рухани кеш автордың әсерлі өлең, әдемі әндерімен әрленді.