Аудан әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тігілген шырша жанына жиылған балғындарды шаттық шуағына бөлеген Ханзада мен Ханшайым жаңа жылмен құттықтап, мерекелік дүбірдің басталғанын жеткізді.

Оларға ілесе жеткен жүргізуші салтанатты хабарламасын ағылшын тілінде баяндап, шырша тойын «Жаңа жыл» әнімен ашты. Осы тұста ойда жоқта ұшақ гүрілі естіліп, ортаға «топ» етіп балғын қонақтар келіп жетті. Өмірі қыс болмайтын, қар түспейтін Чили елінен келіп қалған жас достар әдемі безендірілген жасыл шыршаға таңданысып жатты. Ханшайым болса, қонақтарға жағдайды баяндап, жаңа жылды бірге қарсы алуға шақырды. Одан әрі жас чилиліктерге «Асқақ ордам – Астана» бейне көрсетілімі ұсынылып, еліміздің, Елорданың, «ЭКСПО-2017» көрмесінің ғажайыптары туралы бейнефильм көрсетілді. Осылайша Ханзада 2018 жылы ару қала – Астанаға 20 толатынын хабарлап, шырша тойын осы тақырыпта жалғастыруды ұсынды. Тағылымы мол тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, үкілі үмітке толы жаңа жылға қадам жасар тұста балғындарды көгілдір экраннан Елбасы құттықтап, жарқын болашақ тіледі. – Бұл — ең асыл армандар орындалып, бала біткен ертегі әлеміне енетін, сиқырға елітіп, қиялға берілетін тамаша мереке. Таңғажайып дүниенің қызыққа толы сырына шақыратын шырша тойы бәріңізді зор қуанышқа бөлесін, — деген аудан әкімі Асхат Шахаров әр балғынға жаңа жылда жетістік тіледі. Асыл армандар демекші, шырша мерекесіне жиылған 60-тан астам бүлдіршінге ерекше сый-сияпат, жаңа жылдық тәттілер мәзірі дайындалыпты. Сиқырлы таяқшаның көмегімен шырша шамы жағылып, айнала ғажайыпқа бөленген тұста ортаға енген сайқымазақтар кешті керемет думанға айналдырып жіберді. Аяз ата мен Ақшақар шақырылып, балалар өтіп бара жатқан жыл иесі Тауықпен қимай қоштасқан соң, жаңа жыл иесі Ит келді.   – Міне, мен де келіп жеттім. Менің ең жақсы қасиетім – шапшаңдығым. Аманатқа адал, халыққа жайлы, ел тілегіне сай боламын!, — деген жыл иесі ұдайы қуанышты сәттерімен бөлісетінін жеткізді. Ән шырқалып, балғындарға тамаша тарту жасалған шырша мерекесі ғажайып әлем кейіпкерлерінің қойылымына ұласты.