Орталық алаңда бой түзеген жаңа жылдық шырша шамы салтанатты түрде жағылды. Әдемі шырша жанында жастар тұрғындардың сүйіп тыңдайтын  әндерін әуелете шырқап, жаңа жылды қарсы алуға дайындықтың басталғанын жария етті.

Бұл кештің ерекшелігі сол алаңға орнатылған зәулім шыршаның жанынан бала біткенді ертегілер еліне елітетін шағын үйшіктер тігіліп, қардан неше түрлі кейіпкерлер мен ғимараттар кескінделіп, мереке көрігін қыздырған. Халық арасына енген ертегі кейіпкерлдері мен аяз ата және ақшақар амандық-саулық сұрасқан соң, ортаға шыққан аудан басшысы Асхат Шахаров жиналған жұртшылықты шын жүректен құттықтады. –  Желтоқсан  айы халқымыз үшін сән-салтанаты жарасқан, мерекелі де берекелі ай. Біз бұл айда ең айтулы мерекелеріміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күндерін атап өттік. Сол мерейлі мерекелердің жалғасы іспетті бүгін шырша шамын жағып, жаңа жылды қуанышты көңіл-күйде қарсы алмақпыз. Жақсылықтың жаршысы болар жаңа жыл әр шаңыраққа бақ-береке әкеліп, елімізді гүлдену мен өркендеуге бастасын. Халқымызда итті жеті қазынаға жатқызады. Ит жылы баршамызға бақ береке және табыс әкелсін,-деді аудан басшысы  өз құттықтауында. Бұдан кейін жұртшылық тағатсыздана тосқан шырша шамы жарқырап,  көз тартар алуан түске бөленіп шыға келді. Шыршаны айнала әндеткен балғындар көңілдерді шаттыққа бөледі.