ҚР Мəжілісінің депутаты Зəуреш Аманжолова Зеленов ауданына іссапармен келді. Алдымен аудандық орталық аурухана жұмысын бағамдаған депутат емдеу мекемесінің ұжымымен жүздесіп, еліміздің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы ой бөлісті.

Сала жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында электронды тіркеу, рецепт беру, мемлекет есебінен тегін ұсынылатын қызмет түрлерінің ашықтығы жайын сөз еткен халық қалаулысы аурухана жұмысын оң бағалап, ұжымға сəттілік тіледі. Өз кезегінде сала қызметкерлері жас мамандарды əлеуметтік қолдау жайын жетілдіруді көтеріп, мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгерістер енгізуді ұсынды. Одан əрі депутат кездесуі əкімшілікте жалғасты. Жергілікті активпен болған басқосуды аудан əкімі Асхат Шахаров ашып, жүргізді. Ауданның əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін сөз еткен Асхат Берлешұлы алдағы жоспарларымен бөлісті. Актив алдында сөз алған Зəуреш Жұманəліқызы мəжілістің өткен жылғы жұмысы туралы қысқаша баяндап, «100 нақты қадам» , «Рухани жаңғыру» Стратегиялық бағдарламаларының мақсат-міндеттерін кеңірек сөз етті. Кездесу барысында тұрғындар дəрі-дəрмектің қымбаттығын, мемлекеттік сатып алу заңнамасының тиімсіз тұстарын сөз етіп, мəселенің оң шешім табуына депутаттың ықпал етуін өтінді.