ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, туған жерге еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеу мақсатында «Ұлы дала ұлағаты» атауымен аудан күні тойланды.

Аудан күні мерекесі жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен бой көтерген «Ана мен бала» демалыс саябағын ашумен басталды.

Жайық өңіріне танымал халықаралық, республикалық, байқаулардың жеңімпаздары Қазақстан суретшілер Одағының мүшелері Бақтығали Оразовтың «Дәуір ағашы», Қайыр Оразғалидың «Бала»,  жерлес мүсінші Ерғали Бекешевтің «Ана», «Нар қобыз» туындылары қойылып, субұрқақ іске қосылды.

Ұлттық нақышты туындылармен безендірілген саябақтың ашылу рәсіміне ауданның құрметті қонақтары мен Ресей Федерациясының көршілес Ташла, Первомай, Перелюб аудандарынан арнайы келген меймандар мен Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары делегаттары, ауданның өркендеуіне  үлес қосқан еңбек ардагерлері қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров халықтың қуанышымен бөлісе келген меймандарға қош келдің айтып, туған жердің көркеюіне еңбегімен үлес қосып жүрген жерлестерге ризашылығын білдірді.

Мерекенің жалғасы дала қызықтары аламан бәйгемен басталды. Көршілес Ақтөбе облысы мен өңіріміздің Теректі, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық ауданының сәйгүліктері бақ сынаған бәйге көпшілікті баурап алды. Қылқұйрықтың сәйгүлігі, шабарманның мықтысы ғана түсетін бәйгені тамашалаушылар қиқуға салып, ат тізгіндегендерді бастан аяқ қолдаумен болды.

Бір көрермен теректілік атбегі Яков Лепнаудың Сильвиясын мақтаса, енді бірі Ақжайық ауданынан келген Болат Ешевтің Фатият атты сәйгүлігінің тұрқына тамсанып, бәйге бітпей-ақ жүлдені ұстатып жатты. Дегенмен, жарыс ортасынан ауғанда суырылып, алға шыққан жерлесіміз Бейбіт Асановтың «Аймаңдайы» сәуегейсінген көпшілікті таңдандырып, бәйгенің алдына шықты. Әр айналым сайын қарқынына қарқын қосқан Аймаңдай, басқа аттардан қара үзіп,  бас жүлдені қанжығаға басты. Екінші орын Яков Лепнау баптаған Сильвияға бұйырса, үшінші жүлдені Ешев Болаттың Фатияты еншіледі. Ауылдастарының аты бәйгеден келгеніне қуанған жұрт бірін-бірі құттықтап жатты.

Қиқулаған көрерменді көп күттірмей құнан бәйге де басталды. Атшабарды айналымы аз болғанмен аламаннан кем түспейтін 12 шақырымдық құнан бәйгенің қызығы өз алдына бір төбе.

Бәйге аттары орнынан ытқи қозғалғанда кібіртіктеп қалған сырымдық Серік Мүтиевтің «Сұңқар» атты тұлпары бірінші айналым бітпей-ақ топ алдына түсті. Аттың қарқынына қарап, соңғы айналымға шыдамайды-ау дегендер де табылды. Бірақ, сырымдық Сұңқар бабында екен. Айналым сайын ізіне түскендерден алыстай берді. Тіпті, Сұңқардың қарқынына ілесем деген бірнеше ат жарыс жолынан шығып та қалды.

Құнан бәйге жеңімпазы осылайша жарыс аяқталмай-ақ анықталғанымен, екінші және үшінші орынға таласқан шабандоздар көрерменнің көңілін қалдырған жоқ. Соңғы айналымға дейін иық тірестіре шапқан тасқалалық Руслан Шаяхметовтың «Тслен» атты тұлпары мен Сырым ауданының намысын қорғаған тағы бір атбегі Ернар Байдашевтің «Нұрқасқа» деген қазақы жүйрігінің тартысы жарыс көркін қыздырды. Дегенмен, күшін сақтай білген Тслен соңғы айналым соңында алға суырылып, екінші орынды еншілесе, араб және ағылшын текті қылқұйрықтарға дес бермеген Нұрқасқа мәре сызығын үшінші болып кесті.

Білектілер күш сынаспай, белділер күреспесе, қазақ тойы той болмас еді. Бәйге аяқталысымен көпшілік гір тасын көтерушілер мен білек күшін сынасқандар өнерін тамашалады. Қол күресіне шыққандар сынында Виктор Бахерев үшінші, Манарбек Кенжеғалиев екінші орыннан көрінсе, бас жүлдені Орынбек Ерғалиев жеңіп алды.  Ал гір тасын көтерген жігіттер сынына келер болсақ, Виктор Бахерев бұл сайыста да үшінші орынға табан тіреді. Екінші орын Абдулкәрім Дошимовқа бұйырып, бас жүлде Асхат Бекқазиевтің қанжығасында кетті.

Дала қызықтары мұнымен біткен жоқ. Аудан тойының сәнін түйе палуандар сайысы кіргізді. Өз-өзіне сенімді, күші тасыған апайтөс палуандар сайысының қорытындысында үшінші орын аудан намысын қорғаған Әбдукәрім Дошимовқа бұйырса, екінші орынды Орал қаласынан келген Әлібек Алманбетов, бірінші орынды тағы бір оралдық палуан Нұрдәулет Жәрдемов еншіледі.

Аудан күніне жиналған халық ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесінен арзан азық-түлік алып, көрмеден асыл тұқымды төрт түлікті тамашалады.

Ұлы дала ұлағатын ұлықтаған салтанатты шарада БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов облыс әкімі Алтай Көлгіновтың құттықтауын жеткізді. Одан әрі «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова аудан халқын мерекемен құттықтап, табысты еңбек тіледі.

Мереке мінберінде құттықтау сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров биылғы жиын-терімнің сәтті ұйымдастырылғанын атап өтіп, қуанышқа ортақтаса келген меймандарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ туған жердің түлеуіне, ел ырысының артуына, ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хат табыс етті.  Олардың арасында Погодаев ауылдық байланыс торабы бөлімшесінің басшысы Е.Курмаева, «Асан-Ауыл» ЖШС-ның комбайнер-механизаторлары Ә.Хасанов пен Б.Бигалиев, жүргізушісі П.Козлов, «Мар-Эль» шаруа қожалығының комбайнерлері М.Нұрсейтов пен Н.Асанов, шаруа қожалықтың жүргізушілері А.Петерсен мен С.Умешев, механизаторлары А.Дарипов пен Б.Бахитов, «Авангард» ЖШС-ның механизаторы Б.Тюлюбергенев, «Достық» шаруа қожалығының механизаторы С.Коннов, «Раздолье» ЖШС-ның механизаторы С.Товстик, «Киргенев» шаруа қожалығының механизаторы М.Бисеналиев, қожалықтың қызметкері С.Сатваев, дәнекерленушісі Д.Болдырев, әлеуметтік қызметкер С.Кенжешева, Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының күзетшілері  Е.Омаров, Ш.Дускалиев және А.Русаков, Погодаев ауылының су жүйесіне жауапты қызметкері Е.Бекенов сынды азаматтар зор алғысқа кенеліп, бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы иеленді.

Одан бөлек, Ресей Федерациясынан, Теректі, Шыңғырлау, Қаратөбе ауданынан келген  қонақтар құттықтау сөз алып, жүрекжарды лебіздерін жолдады. Шараның шырайын аудан өнерпаздары кіргізіп, тойға келген ағайынның көңілін бір серпілтіп тастады. Дала төсін дүбірге бөлеген мерекеде аудан жастары лотереялық билет ойнатып, айы оңынан туған жандар ұтысқа ие болды.

Мерекелік шара кешқұрым аудан орталығындағы стадионда эстрада жұлдыздарының ән кешіне ұласты.