Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқсы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай ауданымызда болып, тұрғындармен жүздесті.

Алдымен Белес ауылына ат басын бұрған мейман Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағдарламаларды жүзеге асыру үшін атқару қажет жұмыстарды айтып берді. Кездесу барысында ауылдық қоғамдық келісім төрағасы, округтің медиаторы Адам Имашев, еңбек ардагері Галина Моругова, Белес мектебінің оқушысы, каратэден үш мәрте әлем чемпионы Аида Имаканова ойларын ортаға салып, мақаладағы ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді.

 

Аудан орталығындағы «Достық» мəдениет үйіне арнайы келген меймандар аудан мектептерінде құрылған «Достық» клубтарының шағын өнері мен көрмесін тамашалаған соң əр этно-мəдени орталыққа бас сұғып жұмысымен танысты.

Халық бірлігі мен татулығын сақтауға бағытталған міндеттердің жүзеге асуына атсалысып отырған мəслихат депутаттары, округ əкімдері, қоғамдық келісім Кеңесі мен ардагерлер, əйелдер Кеңесінің, этно-мəдени бірлестік мүшелері мен медиаторлар қатысқан жиында Дархан Қамзабекұлы ҚР халқы Ассамблеясының Елбасы Н.Назарбавтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстарын баяндап, аудандағы «Достық» үйінің жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ этно-мəдени бірлестік жұмысына белсене қатысып, елдің мəдени өркендеуіне, ынтымағының нығая түсуіне үлес қосып жүрген жандарға шынайы алғысын білдірді.

 

Басқосуда сөз алған Көшім мектебінің директоры Валентина Леонтьева, Мичурин мектебі «Достық» клубының мүшесі Айымгүл Өтегенова, ауыл тұрғыны Роза Любавина сан ұлттың киелі мекеніне айналған қазақ даласының дархандығын мақтан тұтатындықтарын айтып, жаңғыру жолындағы игі бастамаларға үн қосуды азаматтық парыз санайтындықтарын жеткізді.

Жиын соңында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов өндірісі өркендеп, ырысы тасыған аудан халқына табысты еңбек тіледі.